Қр Мәжілісінің депутаты: “Петропавл 2-ЖЭО жағдайы көңіл қуантады”
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова мен “Қазақстан Халық партиясы” ҚБ депутаттары Петропавл 2-ЖЭО-ға барды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Мәжіліс депутаттарымен “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Бас директоры Анатолий Казановский тілдесті. Басшы атап өткендей, жыл сайынғы жаңғырту мен жөндеу жұмыстарының арқасында станция тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. 2024 жылы екі қазандық агрегатын және турбоагрегатты күрделі жөндеу, үйінді бөгетін салу, темір жол өткелі учаскесін жөндеу және өзге де ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Ирина Смирнова көктемгі-жазғы кезеңде СҚО энергетиктері жылыту маусымына сапалы дайындалғандарына назар аударды. Осы орайда айта кету керек, Петропавлдың 260 мыңға жуық тұрғынын жылыту маусымында тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін нысандарда ауқымды жұмыс жүргізілді.
“Біз барлығымыз энергетика саласында жинақталған проблемалардың ауқымын түсінеміз. Жылу орталықтары мен қажетті жабдықтардың тозуы 80 пайызға жетеді. Қазіргі жағдайда Петропавл 2-ЖЭО жағдай көңіл қуантады, ал жылыту маусымы штаттық режимде өтуде”, – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Диалог барысында тағы бір өткір мәселеге ерекше назар аударылды – саладан жоғары білікті мамандардың кетуі. Тапшылық пен жұмысшы тұрмауының негізгі себебі – жалақының төмендігі.
Бүгінгі таңда қаржыландырудың жалғыз көзі – тарифтер. Энергетиктер олардың пропорционалды өсуінсіз мамандарды сақтау мүмкін емес дейді. Кездесуде энергетика саласы мамандарының тапшылығын жою үшін оқу-өндірістік комбинаттарды жандандыру мәселесі де талқыланды. Энергетиктерді тыңдағаннан кейін Ирина Смирнова жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша қойылған сұрақтарды саралап, депутаттық сауалдар дайындайтынына уәде берді.