СҚО-да адам өлтірген кәсіпкердің ұлы 6 жылға сотталды
Петропавлда сот ірі құрылыс және жол компаниясы басшысының ұлын барда 28 жастағы танысын атып өлтіргені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі NUR.KZ. сілтеме жасап.
Оқиға өткен жылдың 26 ақпанында болды. Аймақта бірден кең қоғамдық резонанс орын алды. Артынша Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны темір торға қамалып, тергеу басталды. Ол әкесінің атындағы ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс істеді. Жол құрылысымен, аумақтарды абаттандырумен, қар шығарумен және т. б. айналысты.
Іс материалдарында айтылғандай, 2023 жылдың 25 ақпанында кешке сотталушы жұбайымен бірге інісінің туған күнін тойлауға халыққа танымал барға барған. Қонақтар арасында әйелімен бірге туған күн иесінің жақын досы да болыпты.
“26 ақпанда сағат 00:02 минут шамасында сотталушы бар ғимаратының екінші қабатында мас күйінде, алайда қоғамдық орында жүргенін біле тұра заңсыз сақталған әрі сегіз оғы бар тапаншаны алып шығады. Қару ИЖ үлгісіндегі тапаншалардың бөлшектерінен қолдан жиналған. Содан кейін тапаншаны сол жақтағы жәбірленушіге жақын ұстап тұрып, шүріппені басқан”, – делінген айыптау актісінде.
Нәтижесінде жәбірленуші жарақат алады. Сонымен қатар, оқ оның қасындағы қызды да жанай өтті. Салдарынан қыздың жамбас буыны ауданы жараланды. Екі адамды жарақаттағанын сотталушы бірден байқамаған. Ол ішін ұстап, еденге отыра бастаған жәбірленушіге назар аудармай, жоғарыға бірнеше рет оқ атқан. Осыдан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді, сол жерде алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Сотталушы сол түні полицияға берілді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол жолда лақтырып жіберген тапанша табылып, тәркіленді. Ер адамға қатысты іс ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі (Атыс қаруын заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 104-бабының 1-бөлігі (Абайсызда адам өлімі) және 293-бабының 3-бөлігі (Атыс қаруын қолданумен бұзақылық) бойынша сотқа жолданды.
Нәтижесінде сотталушы барлық баптар бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.