СҚО-да әлеуметтік желіде жала жапқан ер адам 20 тәулікке қамалды
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотымен азамат К-ға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі “Жала жабу” бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды QZ Mediа тілшісі.
2024 жылдың 4 қаңтарында ер адам Facebook әлеуметтік желісін пайдалана отырып, өзінің жеке парақшасында ішкі істер органдарының қайтыс болған бұрынғы қызметкері, қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткері Б.-ның ар-намысына және абыройына нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат тарату арқылы көпшілік алдында жала жақан.
“Сот отырысында азамат К.-ның таратқан ақпараты негізсіз және дәлелсіз болып табылды. Бұл ретте Б.-ға қатысты хаттаманы құрастырушы жала жабуды көрсететін дәлелдемелерді, атап айтқанда СҚО ДП ҚҚБ, СҚО ҚАЖД -дан арыздардың жоқтығы туралы анықтамаларды келтірген болатын, К.-дан өтініштердің болмауына байланысты қызметтік тергеулер жүргізілмеген”,- делінген Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының хабарламасында.
ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігінің санкциясымен 80 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу немесе 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген. Сот қаулысымен К. 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.