Петропавлда екі баланың анасы ата-ана құқығынан айрылуы мүмкін
Петропавл қаласының пробация қызметі бөлімі пробация субъектілерімен, прокуратура қызметкерлерімен және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, “Көмек қолы” іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – қайталама қылмыстар жасауға бейім, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық немесе өзге де көмекке мұқтаж, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді атқармайтын, әлеуметтік осал сотталғандарды анықтау.
Аталған іс-шара барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған және Петропавл қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі тарапынан көмекке мұқтаж сотталғанның отбасы тексерілді. Ол әкесімен, әпкесімен және оның 2020 және 2023 жылы туған екі жас баласымен бірге тұрады. Балалардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, балабақшаға бармайды.
“Отбасыда жайлы тұруға қажетті жағдайлары жоқ, үйдің бір бөлігі апатты жағдайда. Балалардың анасы жұмыс істемейді, сотталған алкогольді ішімдіктерге бейім. Қазіргі уақытта ата-ана құқығынан айыру мәселесі шешілуде.Петропавл қаласының пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері әкімдіктің қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірлесіп, балаларды медициналық тексеруге және оларға қажетті медициналық көмек көрсетуге жіберді. Кейін олар уақытша “Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына” рәсімделді”,- деп хабарлады СҚО полициясы.
Барлығы 130-дан астам есепте тұрған тұлға тексерумен қамтылды, жоғарыда аталған санаттар бойынша 13 бұзушылық анықталды. Барлық мұқтаж жандарға жұмысқа орналасуға, әлеуметтік-құқықтық көмек алуға қажетті көмек көрсетілді.