Қазақстанда Ұлттық қордан балаларға ақша түсе бастады
“БЖЗҚ” АҚ облыстық филиалында 2024 жылы басталған “Ұлттық қор – балаларға” жобасының іске асырылуы туралы айтылды. Ол жас ұрпақты қолдауға бағытталған. Қазақстандық балалар Ұлттық қордың қаражатын оқу үшін, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін пайдалана алады. Бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған барлық бала – Қазақстан азаматтары қатысады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Ата-аналар балалары осы жобаға қатысуы үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, бәрі автоматтандырылған тәртіпте болады. Бұл жинақ 18 жасқа толған кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салынады, бұл жағдайда қаржы инвестицияланбайды, талап етілгенге дейін осында болады”, – деді “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлімінің басшысы Ғалия Мұқанова.
Осы уақытқа дейін балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамына инвестициялауды жалғастырады, яғни оларға қосымша инвестициялық табыс есептелетін болады. Қажет болса, қаражатты мерзімінен бұрын алу қарастырылмаған.
“БЖЗҚ 2024 жылы 18 жасқа толатын балаларға мақсатты жинақтарды аудару үшін 2024 жылдың 25 қаңтарында ҚР Ұлттық Банкіне өтінім жолдады. 2024 жылғы 29 қаңтарда ҚРҰБ балаларға мақсатты жинақ сомасын аударды. 2024 жылдың 1 ақпанында БЖЗҚ – да мақсатты жинақтаушы шоттар ашылды”, – деді “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлімінің басшысы Ғалия Мұқанова.
Облыстық филиалдың өкілі кәмелетке толған балалар өз қаражатын пайдалану үшін өз бетінше өтініш бере алатынын айтады. Жобаның шарттары бойынша төлемдерді есептеу бағдарламаға қатысушы қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Мұрагерлер БЖЗҚ-дан тиісті қаражат ала алады. Қазақстаннан тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. Ақша 18 жылдан кейін 10 жылдық шотта сақталады. Егер осы кезеңде жобаға қатысушы жинақты пайдаланбаса, қаражат оның зейнетақы шотына аударылады. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 7 миллионға жетеді. 2024 жылы Ұлттық қордың қаражатын 250 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады деп күтілуде. Балаларға 2024 жылы 18 жасқа толғандарды қосқанда шамамен 695,5 миллион доллар беріледі.