Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Облыс синоптиктері су тасқыны туралы ескертеді

Облыс синоптиктері су тасқыны туралы ескертеді

Солтүстік Қазақстан облысының синоптиктері гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеулер деректері негізінде 2024 жылғы 01 ақпандағы жағдай бойынша Есіл өзенінің бассейнінде көктемгі су тасқыны ағынының алдын ала болжамын жасады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Қазгидромет” РМК СҚО  филиалының деректері бойынша облыстағы Есіл өзенінің бассейніндегі (Сергеев су қоймасына ағын) ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мөлшерден 40% – ға, ал өткен жылмен салыстырғанда 25% – ға жоғары. Өзен бассейндерінде қар жинау процесі ақпан және наурыз айларында жалғасады, деп атап өтті синоптиктер. СҚО өзендерінің бассейндерінде топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері орташа көпжылдық мәндерден 27-151% – ға жоғары. Ал топырақтың қату тереңдігі негізінен былтырғы көрсеткіштерден төмен орташа есеппен 2 ден 76 см-ге дейін 

Өткен аптада су тасқыны кезеңіне дайындық жайы облыстық әкімдіктің отырысында талқыланды. Онда “Қазгидромет” РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мерғалыма баяндама жасады.

“Петропавл қаласындағы су деңгейі өзенде 244 см, Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 725 см, толымдылығы 88% құрайды. СҚО-да су тасқынының ауқымы Есіл өзенінің арнасын мұз қатудан тазарту үрдісіне де байланысты. Мұз қату мұз кептелістерінің пайда болуына әкеледі, әсіресе кіші өзендерде. 2023 жылдың күзі жылы және ылғалды болды. Топырақтың бір метрлік қабатындағы ылғалдың орташа нақты қоры 52-164 мм құрады. Бүгінде облыс бойынша топырақтың қату тереңдігі 138 см-ге жетті”, – деді отырыста Қымбат Мерғалыма.

Осы мәліметтерді, сондай-ақ әлі аяқталмаған қарлы қысты ескере отырып, әртүрлі сценарийлерге дайын болу керек, деп есептейді облыстың синоптиктері мен құтқарушылары.

Shares