Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да қатерлі ісіктің анықталуы “ковидке дейінгі” кезеңге жақындап келеді

СҚО-да қатерлі ісіктің анықталуы “ковидке дейінгі” кезеңге жақындап келеді

Көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығында журналистерге арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі. БАҚ өкілдерінің алдында медициналық мекеменің директоры Олег Дудяк баяндама жасады.

“Бізде ауруды анықтау деңгейі ковидке дейінгі кезеңге жақындады. Өлім-жітім төмендеуді жалғастыруда. Өте жақсы қарқынмен деп айта аламын. Аса қауіпті ісік түрлері де төмендеді. Мысалы, ауыз қуысы, сүт безі, тік ішек, қалқанша безіндегі обыр азайды. Санмен айтсақ, бұл көрсеткіш 10,8% – дан 8,4% – ға дейін түсті”, – деді Олег Дудяк журналистерге.

Қазір қатерлі ісік ерте кезеңде анықталуда. Адамдар жыл артқан сайын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастады, деп санайды көпбейінді облыстық аурухана онкологиялық орталығының директоры Олег Дудяк. Сөз барысында маман биыл адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация бағдарламасы қайта басталатынын да айтты.

“Бүгінгі таңда біздің есепте тұрған контингентіміз – 10 976 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 адамға көп. Олардың ішінде аурумен 5 жыл және одан да көп өмір сүріп жүрген – 6173 адам. Бұл адамдар қалпына келді деп саналады, олар жай ғана бақылаудан өтіп тұрады, бірақ біз әрқашан ісіктің қайта оралу қаупі бар екенін түсінуіміз керек. Өткен жылы 458 адам қайтыс болды, олар негізінен егде жастағы адамдар, олар айтарлықтай өмір сүрді, емделді, көптеген адамдарда ауру асқынған күйде болды. Жатыр мойны обырына оралсақ, біз 30 жасқа дейінгі жас әйелдерді жоғалтуымыз мүмкін, әдетте мұндай науқастар ең қиын саналады. Оларда қорқыныш бар, олар үрейлене береді, осылайша қымбат уақытты жоғалтады”, – деді Олег Дудяк.

4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. 3-ші күні көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығында “Ашық есік күні” өтеді. Солтүстікқазақстандықтар үшін бұл мамандардың тексерулерінен жазбасыз өтуге тамаша мүмкіндік, дейді дәрігерлер.

Shares