СҚО әкімі өңір газеттерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады
Солтүстік Қазақстан облысында 32 газет шығады. Облыстық «Солтүстік Қазақстан» және «Северный Казахстан», қалалық және аудандық газеттері – өз оқырманын тауып, уақыттың талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, аймақтың өзекті мәселелерін көтеріп жүрген басылымдар. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңір газеттерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Елімізде екінші ақпан – Ұлттық басылым күні деп бекітілді. Осыдан тура 111 жыл бұрын отандық баспасөздің негізін қалаған «Қазақ» газетінің бірінші нөмірі шыққан еді. Газет – тарихты қағаз бетіне түсіретін жылнама, сапалы әрі шынайы ақпаратты жеткізеді», – деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Біздің газеттер ел мен облыс тарихындағы көптеген маңызды оқиғалардың куәсі болып, оқырмандарына қатысушы болуға мүмкіндік берді.
«Атаулы күнде кәсібилікпен танылған өңір баспасөзінің қызметкерлеріне халыққа ақпарат жеткізу жолындағы шығармашылық ізденістеріңізге шалқар шабыт тілеймін! Қызметтеріңіз табысты болып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөлене беріңіздер!», – деп қосты аймақ басшысы..