СҚО-да туберкулезді жылдам анықтау үшін молекулалық диагностика аппараты қолданылады
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық фтизиопульмонология орталығында болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінде облыстың медицина мекемелері туберкулезді дер кезінде анықтауға қажетті қондырғылармен жабдықталған. 43 флюорографиялық аппарат бар. Орталықта жаңа инновациялық зертханалар енгізілді. Олардың бірі – тез және өте дәл молекулалық диагностика нәтижелерін беретін GeneXpert анализаторы.
Емдеудің барлық кезеңдерінде науқастарға бақылау орнатылған. Өткен жылы барлық аудандар мен Петропавлда әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді, ай сайын қаржылай көмек көрсетілуде.
«Ал, фтизиопульмонологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, емдеу жағдайын жақсартуды жалғастырамыз. Өкпе терапиясы бөлімшесінің бірінші қабатын жөндеуден өткізіп, компьютерлік томограф орнату қажет. Денсаулық сақтау басқармасы мен орталық басшылығына осы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырдым», – деп жазды СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.