Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » 2023 жылы СҚО-да қылмыстардың ашылуы 63% өсті

2023 жылы СҚО-да қылмыстардың ашылуы 63% өсті

СҚО-да қылмыстардың жалпы ашылуы 63%-ға, аса ауыр қылмыстар 69,1%-ға өсті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Қылмыстардың басым көпшілігі бойынша төмендеу байқалады: кісі өлтіру 31%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 3,9%-ға, тонау 10%-ға, ұрлық 25%-ға, автокөлік ұрлау 56%-ға, мал ұрлығы 5%-ға, бопсалау 33%-ға, зорлау 25%-ға. Елеусіз, бірақ интернет-алаяқтық көрсеткіші де 1,2%-ға азайды. Сонымен қатар, қоғамдық орында қылмыс саны 13,6%-ға, көшедегі қылмыс 12,9%-ға, мас күйдегі қылмыс 19%-ға және отбасылық-тұрмыстық қылмыс 11,3%-ға қысқарды”, – деді Айдын Қабдұлдинов.

Брифингте облыстың бас полицейі тәртіп сақшылары ең көп қылмыс тіркейтін Петропавлдағы бірнеше орынды атады.

“Бұл – Ностальжи кафесі (Ульянов көшесі, 49), Royal Palass мейрамханасында орналасқан бар (Назарбаев көшесі, 248а), сондай-ақ “Графин” кафесі (Измайлов көшесі, 1) және “Сандей” (Қазақстан К, 26), “Восход” қонақ үй үлгісіндегі жатақхана (Горький көшесі, 172), “Северный” Тұрмыстық үйі ауданындағы жатақханалар. Естеріңізге сала кетейін, ең көп баратын, сондай-ақ шалғайдағы қоғамдық орындарда “SOS түймелері” шұғыл шақырту жүйесі орнатылған. Олар бейнекамерамен, динамикпен, микрофонмен және полицияға хабарласу үшін түймемен жабдықталған. Олардан хабарлама дереу жедел басқару орталығына түседі. Петропавлда осындай 11 дабыл түймесі бар”, – деді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.

Сондай-ақ, 2023 жылы облыста 281 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 105 факт тіркелді, оның ішінде: 63 өткізу, аса ірі мөлшерде сақтаудың 6 фактісі, есірткіні насихаттау мен жарнамалаудың 7 фактісі, екі контрабанда және 29 қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 740 килограмм түрлі есірткі және психоактивті зат тәркіленді.

“Есірткіні дайындау тәсілдері мен сатып алу орындары туралы ақпаратты қамтитын интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізілуде. Есепті кезеңде бейінді басқарманың бастамасы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бұғаттау үшін есірткі мазмұны бар сайттардың 381 сілтемесі жіберілді”, – деді СҚО ПД бастығы.

Айдын Қабдұлдинов облыста күн сайын интернет технологияларын пайдалана отырып алаяқтық фактілері тіркелетінін атап өтті. 2023 жылы алаяқтықтың 1017 фактісі анықталған. Оның 771-і бойынша залал 920 миллион теңгені құраған, бүгінде 37 миллион теңгеден астамы өтеліпті.

 

Shares