Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Жастар Рухы” Петропавлдағы студенттік жатақханаларды тексеруде

“Жастар Рухы” Петропавлдағы студенттік жатақханаларды тексеруде

“AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” жастар қанатының филиалы өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждеріндегі студенттік жатақханалардың мониторингіне кірісті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Облыста бір ЖОО бар, 24 колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында 24 жатақхана келушілерді қабылдайды. Олардың әрқайсысын  тексереміз. Бізді тұрмыстық, санитарлық жағдайлар қызықтырады. Өрт қауіпсіздігімен танысамыз. Мұндай мониторингке жылына екі рет шығамыз. Егер жатақханада тұратын студенттерде проблемалар туындаса, біз оларды шешуге тырысамыз. Біздің облыста жатақханаларда орын тапшылығы байқалады, тиісті нысандар салынуда, мәселе біртіндеп шешіледі”, – деді “Жастар Рухы” ЖҚ СҚОФ төрағасы Біржан Құдайбергенов.

Жұмыс істеп тұрған студенттік жатақханаларда жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қозыбаев университеті балансында 1365 орындық 4 жатақхана бар.

“Қыркүйек айында бізде тапшылық болды, шамамен 420 орын жетіспеді. Тапшылықты жою үшін біз Театр көшесі, 36 мекенжайы бойынша орналасқан жатақхананы жалға алдық. Бүгінде бізде баспана табу мәселесіне тап болған студенттер жоқ. Қазірдің өзінде жатақханаларда бос орындар бар, өйткені 4 курс тәжірибеге кетті. Келесі жылы бізге 1200 орындық екі жатақхана беру жоспарлануда. Студенттер 100% жатақханамен қамтамасыз етіледі деп үміттенеміз. Жыл сайын жатақханаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы 10-шы оқу корпусын жатақханаға айналдырдық, 26 млн теңгеге жиһаз, техника сатып алынды, №2 жатақханадағы терезе блоктарын күрделі жөндеу, душ кабиналарын жөндеу жүргізілді”, – деді Қозыбаев университетінің тәрбие, әлеуметтік мәселелер және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарма мүшесі Ақмарал Тұрғалеева.

Қозыбаев университетінде бүгінде 6 мың студент оқиды. Оның 1300-ге жуығы ЖОО-ның жатақханаларында тұрады.

Shares