СҚО полицейлері “Тосқауыл” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізеді
Петропавлдағы “Динамо” стадионында горнизондық бөлініс өтті. Онда есірткінің зияны туралы айтылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Іс-шараға қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері, “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” Жастар қанаты” ҚБ филиалының өкілдері, психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог дәрігері, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, әскери бөлімнің, патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері мен кинологтар қатысты.
“Нашақорлық пен есірткі қылмысы – жалпы әлеуметтік мәселе. ҚР Президенті өз Жолдауларында нашақорлықтың алдын алу, жалпы есірткі қылмысына қарсы күрес сапасын арттыру үшін қоғамның, азаматтық институттардың, барлық мемлекеттік билік органдарының күш-жігерін шоғырландыруға бірнеше рет шақырды. 2024 жылғы 5-9 ақпан аралығында республика бойынша “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді, – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Осы кезеңде тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен профилактикалық жұмысты қоса алғанда, іс-шаралардың кең спектрін жүргізетін болады. Құқық қорғау органдары оқушылармен және студенттермен тыйым салынған заттардың зияны, сондай-ақ оларды қолданудың салдары туралы әңгімелесу үшін аймақтың оқу орындарына барады. 2023 жылы полиция қызметкерлері 900-ге жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізді. Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының 105 фактісі анықталды, 700 кг-нан астам түрлі есірткі заты тәркіленді.