Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да төрт браконьер 8 жылдан 11 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін

СҚО-да төрт браконьер 8 жылдан 11 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында төрт ер адам 2022 жылдың күзінен 2023 жылдың ақпанына дейін облыс орталығының шетінде 53 елікті заңсыз атып, мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтірді. Петропавл қалалық сотында бұл атышулы іс бойынша үкім оқылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Сот айыпталушылардың бұрын сотталған Виктор Гурьянов құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында атыс қаруын және Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ауқымды залал келтіретін автокөлік құралдарын қолдана отырып әрекет еткенін анықтады. Сотталушылардың бірі де кінәні мойындаған жоқ. Сот олардың әрқайсысына нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Айта кету керек, бұл қылмыстық топта тек Виктор Гурьяновтың соттылығы болған.

“Виктор Алексеевич Гурьянов ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлігі, 337-бабы 6-бөлігінің 1) – тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлігі бойынша 9 жыл бас бостандығынан айыру түрінде, ҚР ҚК 337-бабының 6-бөлігі 1) – тармақшасы бойынша 10 жыл мерзімге аң аулау құқығынан айыра отыра 8 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын. ҚР ҚК 14-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес Гурьяновтың әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылсын. ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен Гурьяновқа 11 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Жаза қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеледі. Гурьяновтың жазаны өтеу мерзімі 2023 жылғы 27 ақпаннан басталсын. Яғни оны ұстаған сәттен бастап жазасын өтеген бір күн үшін бір күн қамауда ұстау есебі қабылдансын”, – делінген Петропавл қалалық сотының судьясы Тахмина Собированың үкімінде.

Ал Максим Гниляков, Юрий Жуков, Николай Зауэр ҚР ҚК 262-бабының 2-бөлігінде, 337-бабы 6-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға сот ҚР ҚК 262-бабының 2-бөлігі бойынша 6 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. ҚР ҚК 337 – бабы 6-бөлігінің 1) тармақшасы бойынша 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза ескерілді. Бұған 9 жыл аң аулау құқығынан айыру қосылды. ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза түпкілікті тағайындалды. Жаза қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтедеді. Максим Гниляковқа жазасын өтеу мерзімі 2023 жылғы 27 ақпаннан бастап, яғни оны ұстаған сәттен бастап, ал Юрий Жуковқа 2023 жылғы 23 наурыздан бастап есептеледі. Николай Зауэр ешқайда кетпеу жайлы құжатпен жүрді, ол үкім шыққаннан кейін сот залында қамауға алынды.

Виктор Гурьяновтың серіктестері жас балаларды тәрбиелеуде. Жаза тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде сот мұны жеңілдететін жағдай деп таныған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Shares