СҚО-да жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа жаяу жетіп, шанамен тасымалдады
Қалың түскен қардың салдарынан жедел жәрдем көлігі науқасқа жете алмаған. Мамандар қарап қалмады. Олар ақ ұлпа алып қалған жолмен шамамен 400 метр жүруге мәжбүр болды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Таңертең Қызылжар ауданы Бескөл ауылының 56 жастағы тұрғыны жедел жәрдемнен көмек сұрайды. Ол аяғындағы ұюға және бастың айналуына шағымданған.
“Тексеруден кейін науқаста инсульт белгілері анықталды, көмек көрсетілді, бірақ үйден жедел жәрдем көлігіне жету жағдайды күрделендіре түсті. Фельдшер Айдар Омаров пен Әмір Широжеев науқасты шанамен тасымалдау туралы шешім қабылдады. Жүргізуші Айдын Смағұлов та көмектесті. Бірлескен күш-жігердің арқасында науқас ауруханаға жатқызу үшін уақтылы жеткізілді”, – деп хабарлады облыстық жедел жәрдем орталығы.
Ауа райының қолайсыздығына және қалыптасқан жағдайларға қарамастан, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының қызметкерлері өз жұмыстарын жылдам әрі үйлесімді орындады.