Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда “Солтүстік” спорттық мерекесі аясында керлингтен жарыс басталды

Петропавлда “Солтүстік” спорттық мерекесі аясында керлингтен жарыс басталды

Петропавлда дәстүрге айналған облыстық маңыздағы “Солтүстік” спорттық мерекесі аясында жарыстар өтуде. Жұма күні керлингтен сайыс басталды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Мен ҚР спорт шеберімін. Бұл атақты 2019 жылы алдым. Түрлі жарыстарға қатыстым, Ресей Федерациясына, Алматыға да бардым. Керлинг бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атандым. 2020 жылы Тайынша ауданы “Солтүстік” додасының чемпионы атанды. Өткен жылы көш басынан көрінбедік. Биыл жіберген есені қайтарып, топ жарамыз деп үміттенемін”, – деді Тайынша ауданы командасының капитаны Дәулет Тарбақ.

Облыста керлинг жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазір біздің спортшылар әртүрлі турнирлерде аймақ пен елдің намысын сәтті қорғап жүр.

“Керлинг – бұл ұзақ ойын. Оны кез-келген жаста ойнауға болады. Кәсіби деңгейде 50 жасқа дейінгілер және одан жоғары жастағылар ойнайды. Бұл спорт түрін “мұздағы шахмат” деп атайтыны бекер емес. Өйткені мұнда әр мүмкіндікті, әр тасты 5-6 қадам ерте ойластыру керек”, – деді Есіл ауданы командасының капитаны Дмитрий Гарагуль.

Жарыс Дүниежүзілік керлинг федерациясының ережелеріне сәйкес өтеді. Міндет – “үйге” көбірек тастар жинау. Турнир аралас команда бағдарламасы бойынша өтуде – 2 қыз, 2 жігіт. Үш күнге созылатын жарыс соңында мықтылар грамоталармен және тиісті дәрежелі медальдармен марапатталады.

Shares