Петропавлда еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай ұсынды
Аймақта екінші күн қатарынан аяз көтеріліп тұр. Осыған байланысты Жастар ресурстық орталығы мен “Көмек жақын” еріктілер қозғалысының өкілдері қала көшелеріне ыстық шай құйылған термостармен және тәттілермен шықты. Белсенділер коммуналдық қызметкерлерге осылай қамқорлық жасауды ұйғарды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Дәл осы адамдар қарға, аязға қарамастан, Петропавлдың таза болуы үшін, қаланың игілігі үшін жұмыс істейді. Менің ойымша, қандай жағдай болмасын еңбек ететін адамдарды бағалау керек”, – деді Петропавл қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Дамир Әбдин.
Еріктілер елуден астам жұмысшыға 15 литр шай таратты. Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер еріктілерге қамқорлық жасағаны үшін алғыс айтты. Белсенділер мұндай қайырымдылық шарасын үнемі ұйымдастырады. Бүгін олар коммуналдық қызметкерлер жұмыс істеген қаланың 4 көшесінде болды.