СҚО полицейлері Түркия азаматтарына көмектесті
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағындағы жолда Түркия елінің екі азаматы қиын жағдайға тап болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Олар Возвышенка ауылында жасымық тиеп алғаннан кейін түнге қарай жолға шыққан. Грейдермен жүріп келген жүргізушілер жергілікті маңыздағы Чернозубовка — Рузаевка автожолына шықпақ болғанда, алда келе жатқан Renault жүк көлігінің 48 жастағы жүргізуші бұрылысты дұрыс көре алмай, артқы дөңгелектері жолдан шығып кеткен.
Артындағы екінші фура алға қарай өте алмағандықтан грейдердің үстінде қалып қойды. Олардың жолда қалып қойғанын көрген жергілікті тұрғындар полицияға хабарлады. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Мақсат Киікбаев аттанды. Полиция қызметкері мен түркиялықтар қазақ, орыс, түрік тілдерінде сөйлесіп, мән-жайды анықтап алған соң, тәртіп сақшысы шетелдіктерге қонақ үйде түнеп шығуды ұсынды. Далада 30 градус аяз болса да, олар кабинада қаламыз деп шешкен.
Мақсат Киікбаев қызметтік автокөліктегі жарқылдауық маяктарын қосып, түні бойы жол үстінде тек жүкті ғана күзетіп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, учаскелік инспектор жергілікті “Тұқым” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүгініп, көліктерді шығарып алу үшін техникамен жіберуді сұрады. Таңертең К-700 тракторы келіп, 12 тонна жүк тиеген фураны жол үстіне сүйреп шығарды.
Түркия азаматтары қазақстандық полицейлер мен жергілікті тұрғындарға алғыстарын айтып, жолға шықты.