Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қызметкерлері Петропавлдағы ТҮКШ мамандарына семинар-оқыту өткізді

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қызметкерлері Петропавлдағы ТҮКШ мамандарына семинар-оқыту өткізді

Петропавлға Астанадан Жол активтері сапасының ұлттық орталығы өкілдері арнайы мақсатпен келді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Елордалық сарапшылар ТҮКШ және басқа да сала мамандары үшін бір күндік семинар-оқыту өткізді. Жалпыға ыңғайлы болу мақсатында адамдар топтарға бөлінді. Шара ведомстволық сараптама жүргізуге, автожолдарды диагностикалауға, жол төсемінің сапасын зерттеуге арналды.

“Біздің инженерлер жол жобаларын іске асыру барысында объектілерге мамандандырылған техникамен барады, онда технологиялардың сақталуын тексереді, жол-құрылыс материалдарынан сынама алады. Іріктелген сынамалар біздің зертханаларға түседі. Бүгінгі таңда “ҚазАвтоЖолмен”, ЖАО-мен  бірлескен жұмыстың арқасында 4 млрд теңгеден астам сомаға жұмыстар қайта жүргізілді. Сонымен қатар, сапасыз жұмыстарға жол бергені үшін шамамен 60 млн теңге сомаға техникалық қадағалау қызметі жазаланды. Техникалық қадағалаудың 8 инженеріне тиесілі аттестаттау құжаты күшін жойды”, – деді “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК сапаны бақылау департаментінің директоры Елдар Әбенов.

Қазақстанда 17 аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Оларда сынақтардың 220-ға жуық түрі өткізіледі. Облыс орталығындағы семинарға  әртүрлі аудандардан қатысушылар келді.

“Жыл басынан бері зертханалармен келісімшарттар жасалды. 2024 жылы шамамен 32 км жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Өткен жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығын, техникалық қадағалауды, жергілікті қоғамдастықты тарта отырып, 26 км жөнделді. Бізде жолдарды паспорттау мәселесі туындады, қазір бізге орталық бұл істі жасауға мүмкіндік береді”, – деді Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Манарбек Шаменов.

Өткен жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қызметкерлері KazRoadLab мобильді қосымшасымен жұмыс істей бастады. Оның көмегімен жол саласының инженерлері нақты уақыт режимінде орындалған жұмыстардың актілерін толтырады. Тағы бір жаңалық – ведомстволық сараптама порталының іске қосылуы. Тың жүйе жол жобаларындағы техникалық кемшіліктер мен тәуекелдерді жедел және сенімді анықтауға мүмкіндік береді. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қызметкерлері еліміздің барлық өңірінде оқыту-семинарларын өткізеді.

 

 

Shares