Қалалық мектеп оқушыларына жер сілкінісі кезіндегі ережелер түсіндірілді
Петропавл қаласы ТЖ басқармасы азаматтық қорғаныс тобының қызметкерлері Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектепте оқу-жаттығу өткізді. Оқушылар мен оқытушылар жер сілкінісі кезінде дабылға әрекет етуге және эвакуацияны дұрыс жүргізуге машықтанды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Жер сілкінісі басылғаннан кейін сіз дереу қауіпсіз аймаққа баруыңыз керек. Бұл – электр желілерінен, газ құбырларынан немесе биік ғимараттардан алыс жерлер. Қатты жер сілкінісі болған жағдайда қауіпсіз жерде: бұрышта, есік алдында, тірек бағананың жанында жасырыну керек”, – деді Петропавл қ. ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері Темирхан Сағындықов.
Оқу орнында қазір Қозыбаев университетінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтуде. Олар да жаттығуға қатысты.
“Жер сілкінісі болған жағдайда тыныштықты сақтау, абайлап әрекет ету, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге көшу керектігі түсіндірілді”, – деді Қозыбаев университетінің студенті Сабина Жасұланова.
Осындай жаттығулар басқа да қалалық мектептерде өткізіледі. Алматыдағы жер сілкінісінен кейін мұндай іс-шаралар қазір Қазақстанның түрлі қалаларында өтуде.