2024 жылы Петропавлда кәсіпкерлердің есебінен 30 жаңа гүлзар пайда болады
Петропавлда бизнесмендердің есебінен 30 жаңа гүлзар пайда болады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Қазір қалада 55 гүлзар бар, бұл 250 мыңнан астам адам тұратын облыс орталығы үшін жеткіліксіз. Серік Мұхамедиев атап өткендей, 2024 жылы тұрғындардың бос уақытын өткізу орындарының санын көбейту бойынша тапсырма берілді.
“Бүгінгі таңда біз 30 жаңа гүлзардың құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледік және олардың орналасатын жерін анықтадық. Сіздің гүлзарлар санын көбейту жөніндегі бастамаңызды облыс кәсіпкерлері қолдады, олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс орталығының дамуына өз үлестерін қосуға шешім қабылдады. Олардың ішінде: Геннадий Геннадьевич Зенченко, Дмитрий Анатольевич Шарапаев, “Севказэнерго” АҚ, “Қызылжар су” ЖШС, “Кентрон” облыстық армян мәдениеті орталығы және басқалар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлерімізге зор алғысымды білдіргім келеді”, – деді қала басшысы.
Жаңа алаңдар тұжырымдамасы ашық ауада серуендеуге арналған аумақты кеңейтуге, жайлы демалыс аймақтарын құруға, төңіректі жасыл өсімдіктермен және басқа да элементтермен қанықтыруға бағытталған.
“Әр жобаның құны – 16 мен 30 млн теңгенің аралығында. Бұл мақсаттарға бюджет қаражаты көзделмеген, жобаларды қаржыландыру толығымен бизнесмендердің есебінен жүзеге асырылатын болады. Әр жоба қазірдің өзінде оларға бекітілген. Кейбір алаңдар облыстың дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалардың атымен аталады. Мысалы, Геннадий Ивановичтің ұлы Геннадий Геннадьевич Зенченко әкесінің аты берілетін саябақ салуға ниет білдірді. Геннадий Иванович өз уақытында сүтті мал шаруашылығын дамытуға және ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға айтарлықтай үлес қосты. Мұндай тәжірибе көрнекті тұлғалардың еңбегін мойындатып қана қоймай, олардың өңіріміздің тарихы мен дамуындағы маңызды рөлін көрсетеді”,- деп атап өтті қала әкімі.