Петропавлда қоқыс шығаратын жаңа компания жұмыс істейтін болады
2024 жылы Петропавлда қоқыс шығаратын жаңа компания жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев өңір басшысының халықпен кездесуінде айтты.
“Қала әкімдігінің ведомстволық бағынысты ұйымына қарасты базада қоқыс шығару бойынша қосымша қызмет түрін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл – “Тұрғын үй қызметі”ЖШС. Өткен жылы қоқыс таситын 5 көлік сатып алынды. Қазір ұйымға қызметкерлер тартылуда”, – деді қала әкімі.
Кәсіпорын наурыз айынан бастап толық күшіне енеді. Алдымен серіктестік 9000 абонент тұратын “Береке” шағын ауданына қызмет көрсететін болады.
Қазіргі уақытта Петропавлда 142 мыңнан астам абонентке қызмет көрсететін 4 қоқыс шығару компаниясы жұмыс істейді.
“Біздің қалада осы қызмет түрін ұсыну әрқашан жеке қолда болды. Қала тұрғындарының көптеген шағымы ұйымдардың өз міндеттерін толық орындамайтындығын көрсетеді. Менің ойымша, бұл жүйеге өзгерістер енгізу қажеттігін туындады”, – деп түсіндірді Серік Мұхамедиев.
Болашақта “Тұрғын үй қызметі” ЖШС облыс орталығының басқа да аудандарына қызмет көрсететін болады.