Петропавлдағы әйелдер колониясының 90 сотталушысы өзара сынға түседі
Әйелдер колониясында қысқы спартакияданың ашылуы өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Жарыс 4 кезеңнен тұрады. 90 сотталушы 5 командаға бөлінді. Олар жүгіру, секіру, дойбы мен шахмат сайысында өзара мықтыны анықтайды.
“Біз жарыс алдындағы сергітуді өткізу үшін “Нептун” фитнес-клубының менеджері мен нұсқаушысын шақырдық. Спорттық жарыстарды тұрақты моральдық-психологиялық орта құру және сотталған әйелдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткіземіз”, – деді СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекеме бастығының орынбасары Жеңіс Елубаев.
Бұл жарыстар мекемеде жыл сайын өткізіледі.
“Жарыстарға дайындалып, қатысқанды ұнатамын. Бұл ұжымды біріктіреді, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектеседі”, – деді СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекемесінің сотталушысы Тұрсынай Қожабекова.
Қысқы жарыстың жеңімпаздары 1 наурызда анықталады. Көктемнің бірінші күні оларға марапаттар табысталмақ.