Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО әкіміне Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінде 40-қа жуық адам жүгінді

СҚО әкіміне Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінде 40-қа жуық адам жүгінді

Петропавлда азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Солтүстікқазақстандықтар өңір басшысына және облыс орталығы әкіміне, мемлекеттік органдардың өкілдеріне, соның ішінде сот және құқық қорғау жүйесі қызметкерлеріне сұрақтарын қоя алды. Облыс әкіміне 40-қа жуық адам жүгінді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жамбыл ауданынан шыққан Александр Фролов Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішті ретке келтіріп, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар туралы дерек тапқысы келеді. Ауыл тұрғыны 140 жауынгер туралы ақпарды өз бетінше тапқан. Енді жұмысты әрмен қарай жалғастыру үшін көмек керек. Ғауез Нұрмұхамбетов телефон арқылы Жамбыл ауданының әкіміне осы мәселемен айналысуды тапсырды.

“Майдангерлерді іздеу – бұл біздің міндет, ескерткіштерді қайта қалыпқа келтіру, бақылауға алу – сіздің міндет. Кейін жасалған жұмыстың фотосуреттерін жолдаңыздар. Бұл жұмысты аудан бойынша жүргізу керек”, – деді облыс әкімі.

Ал Көкшетаудан келген кәсіпкер Шатхабар Махашев СҚО-да пайдалы табиғи қоспа дайындағысы келеді. Оның құрамына жаңғақ, бал кіреді. Бұл спортшылар мен мектеп оқушыларына пайда бермек. 

“Мұнда цех ашып, жұмыс орындарын құрғымыз келеді. Бізде бұл өнімді кеден одағы елдерінде сатуға болатындығы туралы тіркеу куәлігі бар. Айына 15 тонна өнім шығара аламыз”, – деді кәсіпкер Шатхабар Махашев.

Жоба пайдалы және қажет. Өңір басшысы кәсіпкерге осындай пікір білдірді. Енді облыс әкімдігінде жобаны өңірімізде іске қосу жайы қаралмақ.

Shares