Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі жайлы айтылды
Облыстың кіші өзендерінде су деңгейі 1-2 сәуірден бастап көтерілуі мүмкін. Табиғи құбылыс болжам бойынша 6-9 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Бұл ақпарды өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында СҚО бойынша “Қазгидромет” РМК директоры Қымбат Мерғалымова айтты.
“Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінің деңгейі 3-6 сәуірге қарай жергілікті ағындардың есебінен көтерілуі болжанып отыр. Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің алғашқы көтерілуі 10-15 сәуірге дейін жалғасады. Ал Петропавл қаласының маңында 1 мамырға дейін судың көтерілуі күтіледі. Болжамға сәйкес, Сергеев қоймасы арқылы 1600-2400 млн текше метр аралығында су өтеді. Норма 1296 млн текше метр екенін ескеру қажет”, – деді Қымбат Мерғалымова.
Наурызға арналған болжамға сәйкес, бірінші және екінші онкүндікте теріс орташа тәуліктік температура сақталады және қар жамылғысында ылғалдың жиналуы жалғасады. Үшінші онкүндіктің екінші жартысында айтарлықтай жылыну болжанады, бұл белсенді қар еруіне және еріген су ағынының пайда болуына әкеледі.