СҚО-да отқа оранған көліктердің саны ұлғайды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 111 өрт болды, салдарынан 8 азамат қаза тапты, ал түрлі дәрежедегі жарақаттарды 21 адам алды, оның ішінде 5 бала бар. Мұндай деректер СҚО ТЖ департаментінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Аймақта автомобильдегі өрттің өсуі байқалады. 2024 жылдың басынан бері мұндай 22 жайт орын алып, 3 адам жарақат алды. Өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан және жанармай жүйесінің істен шығуынан болды”, – деді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.
Брифингте құтқарушылар сәуір айының бірінші онкүндігінен бастап СҚО аумағында өрт қауіпті кезең басталатынын еске салды. Өткен жылы облыс аумағында 27 орман өрті болыпты.
“2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы орман өрттерінің саны 31%-ға азайды, сонымен қатар, от шарпыған аумақ 17 есеге, ал материалдық шығын 3,4 есеге азайды”, – деді Аслан Ахметжанов.
Өткен жылы 27 дала өрті тіркелді және құрғаған төңіректегі 1049-дан астам өрт орны сөндірілді.