Зейнеткердің 100 млн теңгесін жымқырған ұрыларды полицейлер қорапта қалған аяқ іздері арқылы құрықтады
Өткен жылдың маусым айында Петропавл қаласындағы пәтерлердің біріне қоңырау соғылған. Егде жастағы әжей есік ашады. Босағада суға арналған “Аквафор” сүзгісін тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі жас жігіт тұрыпты. Ақкөңіл әжей шақырылмаған қонақтарды үйге еш алаңдамастан кіргізген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмады. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасады. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған еді. Алаяқтар әжейді алдамақ болып, спектакль қойылымын қойды. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырды. “Сүйкімді” жігіттермен қоштасқан әжей ақшаның қолды болғанын да сезбей қалды”,- делінген СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайы туралы нақтылай бастады. Криминалист пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты. Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды.
Күдіктілер Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды. Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды, қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылды.