Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Тамыз айында Петропавлда жаңа түзету мектеп-интернаты ашылады

Тамыз айында Петропавлда жаңа түзету мектеп-интернаты ашылады

«Береке» шағын ауданында арнайы түзету мектеп-интернатының құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мердігер компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Бұл маңызды нысан орын санының жетпеуіне байланысты салынуда. Петропавл қаласының №2 арнайы мектеп-интернаты 111 адамға шақталған. Алайда, бүгінгі күні оқу ордасында 191 бала оқып жүр. Осы мәселені шешу мақсатында жаңадан мектеп салу қарастырылды. Жаңа мекеме 300 оқушыға және 50 жатын орынға арналады. Мұнда 39 оқу кабинеті, кітапхана, тар бейінді маман-дәрігерлерге арналған кабинеттер, спортзал, ойын, душ бөлмелері, кір жуатын орын, автотұрақ және т.б. болады. Мұның бәріне 2,4 млрд теңге бөлінді.

Жаңа мектепті жергілікті «Зерттеу СК» компаниясы салып жатыр. Қазір нысан 50%-ға дайын. Онда 100-ге жуық жұмысшы еңбектенуде. Құрылыс барысымен «AMANAT» партиясының СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының мүшелері танысып шықты. Мердігер компания өкілдерінің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта ғимараттың қасбетін уақытында аяқтау ерекше назарда.

«Бүгінде нысанның қасбеті салынып жатыр. Алайда кестеден кешігіп жатырмыз. Бұған дейін 4 бригада жұмыс істеген болатын. Қазір іске 5-шісін қостық. Жалпы 30-ға жуық азамат еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, ішкі әрлеу және инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақында өртке қарсы дабыл жүйесі орнатылады», – деді учаске бастығы Есенгелді Көкішев.

Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сыртқы және аумақты абаттандыру жұмыстары басталады. Алайда, мұнымен басқа компания айналысады. Нысанның жаңа оқу жылына дайын болуын мониторингтік топ қадағалайтын болады.

Shares