Қозыбаев университетінің студенттері Германия елінде тәжірибеден өтеді
Қозыбаев университетінде LOGO e.V. одағынан шетелдік тәжірибеге қатысуға іріктеуден өткен Агротехнологиялық факультет студенттеріне арналған неміс тілі курсы аяқталды. Сабақтарды WFI басқару мектебі бағдарламасының магистрі, оқытушы Андреас Рухсерт жүргізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бір айдың ішінде білім алушылар Германияның биоөнеркәсіптерінде табысты жұмыс істеу үшін тілдік деңгейлерін жетілдірді.
Айтып өткен жөн, LOGO қоғамдық одағы неміс экологиялық агроқұрылымдарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері үшін жарты жылдық тәжірибесін жүзеге асырады.
“Университетіміздің АФ студенттері осы мүмкіндікті 9 жыл бойы сәтті пайдаланып келеді. Практиканттар кәсіпорындарда жұмыс істеп, жалақы алады, көп саяхаттайды, жаңа достармен танысады. Бұл ретте олар үшін, тамақтану және тұру тегін, сондай-ақ, визалық қолдау көрсетіледі. Серіктестік аясында біздің 70-тен астам студентіміз осындай тәжірибеден өтті”,- делінген университет хабарламасында.
Бұрын студенттер өздері күш салып, тілді меңгерген еді. Енді интенсивті тіл курсын тегін өтіп, неміс тілін меңгеруге мүмкіндік артып отыр.