СҚО-да Наурызнама кезеңінде 200-ге жуық іс-шара өтеді
Биылғы жылдан бастап Наурыз мерекесі Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жаңа формат негізінде тойланады. Енді жыл сайын наурыздың 14-ті мен 23-і аралығында Наурызнама онкүндігі аталып өтпек. Сенбіде солтүстікқазақстандықтар Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күнін тойлайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Ертең «Абылай хан резиденциясымен» ұлттық дәстүрлерді көрсете отырып, “Наурыз мейрамы – ұлттық дәстүрлердің қайнар көзі” атты театрландырылған іс-шара шеңберінде мұражай залдарына экскурсиялар, қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабағы және ұлттық ойындар өткізіледі”,- деді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Аягөз Нұрсейітова.
17-наурыз – Шаңырақ күні Петропавлда республикалық аламан айтыс өтеді.
“14 ақын қатысады. Сөз аламаны өте тартысты болады, билеттер әлі де бар, оларды сатып алуға болады. Айтыс жаңа қазақ театрының қабырғасында өтеді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болады”, – деді айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік тосынсыйлар мұнымен бітпейді.
“18-наурызда бізде Ұлттық киім күні болады. “Достық мол” сауда үйінде жәрмеңке-сатылым болады, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар көрсетіледі. 19-наурыз – Жаңару күні. Ақан сері атындағы филармонияда Сегіз сері оркестрінің концерті өтеді, бұл күні белгілі суретші Вячеслав Смирновтың картиналар көрмесі де қанат жаяды. 20-наурыз – Спорт күні. Облыстың барлық ауданында, облыс орталығының алаңдарында түрлі жарыстар өтеді”, – деді Аягөз Нұрсейітова.
Негізгі мерекелік бағдарлама 22-наурыз болады. Сағат 12.00-де басты алаңда думанның ашылуы өтпек. Мереке қонақтары этноауылды, қолөнершілер көрмесін тамашалай алады, ал кешке жергілікті және шақырылған әртістердің қатысуымен концертті тамашалай алады. 22-сі күні Қазақстан Конституциясы көшесінде сауда дүкендері бар базар ашылады. Мереке күндері СҚО-да жалпы саны 200-ге жуық іс-шара өтеді.