Гаражында заңсыз алкоголь сақтаған петропавлдық кәсіпкер ірі көлемде айыппұл арқалады
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты алкоголь өнімдерін заңсыз сақтаған шаһар тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Іс материалдарына сүйенсек, жеке кәсіпкер Петропавл қаласы, Интернационал көшесінде орналасқан гараж боксында «Пшеничная» арағы түріндегі 420 бөтелке және «Джек Даниэлс» виски түріндегі 47 бөтелке көлемінде акцизделетін алкоголь өнімін сәйкестендіру құралдарынсыз және тіркеу-бақылау маркаларынсыз сақтаған.
“Сотта Т. кінәсін мойындап, шынымен де 2014 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін, бірақ алкоголь өнімдерін сақтауға және сатуға лицензия алмағандығын түсіндірді. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, алкоголь өнімі тәркіленіп, 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (553 800 теңге) мемлекеттік бюджетке айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Тәркіленген алкоголь өнімдері жойылуға жатады”,- делінген Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының хабарламасында.