Петропавлда жас мамандар мемлекеттік қызметте адал жұмыс істеуге уәде берді
Петропавлда өткен тәлімгерлер кеңесінің отырысында жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы өтті. Ант қабылдағандар – қалалық әкімдіктің және қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Ант қабылдау, салтанатты түрде уәде беру мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет пен қоғам оларға Қазақстан халқының игілігі үшін мемлекеттік қызметте аянбай жұмыс істеуге үлкен сенім білдіреді”, – деді СҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Дулат Тайшабай.
19 наурызда төрт жас мемлекеттік қызметкер ант қабылдады.
“Мемлекеттік кірістер басқармасында 3 ай ғана жұмыс істеймін. Мен қарыздармен жұмыс бөлімінің жетекші маманымын. Адамдарға көмектесу үшін осы жерді таңдадым. Мен өзімнің біліктілігімді арттырып, осы салада қосымша білім алуым үшін одан әрі оқығым келеді”, – деді Петропавл қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің жетекші маманы Екатерина Тивкова.