СҚО полициясының аңызы Сұраған Көпеев 88 жасында өмірден озды
88 жасында ішкі істер органдарының құрметті ардагері, отставкадағы милиция подполковнигі Сұраған Мырзахметұлы Көпеев келместің кемесіне мінді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Сұраған Мырзахметұлы ішкі істер органдарына 65 жыл өмірін арнады. 2005-2021 жылдары СҚО Полиция департаменті және Ұлттық ұланның Ардагерлер кеңесіне жетекшілік етті. Жинаған мол тәжірибесін жас қызметкерлердің бойына сіңіре білді, ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеді, жігерлігімен ерекшеленіп, халық пен елдің игілігі үшін қызмет атқарудың үлгісі бола білді және қандай жағдай болмасын шешімін табуға дайын екендігін көрсетті. Сұраған аға адал жар, үлгілі әке және қамқор ата болды.
“Құрметті ақсақал – солтүстікқазақстандық полицияның аты аңызға айналған қызметкері, көпшілік оны жақсы таниды, ол -«Петропавл қаласының құрметті азаматы» атағын алған алғашқы полицей. СҚО ПД басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрамы Сұраған Мырзахметұлының туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Ардагердің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады”, – делінген СҚО ПД хабарламасында.
Марқұмның жаназасы 2024 жылдың 22 наурызы, сағат 11:00-де Жамбыл көшесі, 160 мекенжайындағы «Нұр» мешітінде шығарылады.