СҚО-ның су басқан аумақтарын тексеру үшін ПАМЖЗ дрондары ұшырылды
«ПАМЖЗ» АҚ бөгеттерді тұрғызуға және нығайтуға көмектесу үшін 200 адамды жіберіп қана қойған жоқ, сонымен қатар өзен арнасын зерттеу және су тасқыны ошақтарын тексеру үшін өзінің дрондарын да берді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жергілікті «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» Жедел штабты су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды барлау үшін тепловизоры бар дрондармен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен қамтамасыз етті.
Роман Скляр технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, тасқын қаупі бар аймақтағы судың толып кету деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауға кірісуді тапсырды.
Атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары аумақты суретке түсіру және деректерді ішкі радиобайланысы бар картаға 2D форматында лезде жіберу үшін барлау дрондарын белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Мамандандырылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының жоспарланған ұшырылуына және су тасқыны құбылыстарына бейім аймақтардың үстінен ұшуына байланысты облыс әкімдігі қала тұрғындарына үндеу жолдады.
«Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жеке әуе құралдарын пайдаланушыларды аппараттарды рұқсатсыз ұшыруды тоқтатып, 100 метрден жоғары биіктікте пайдалануды шектеуге шақырады. Тіркелмеген әуе құралдарын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», – делінген хабарламада.