Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Қытайлық 5 білім алушы СҚО-да ғылыми тағылымдамадан өтеді

Қытайлық 5 білім алушы СҚО-да ғылыми тағылымдамадан өтеді

Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің 5 магистранты Қозыбаев университетіне келді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Олар үш ай бойы ғылыми тағылымдамадан өтеді. Басты мақсат – қытайлық серіктес университетпен бірлесіп ашылған Агротехнопарк аясында, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Қытайдан картоп, бидай, рапс, бұршақ дақылдары мен жүгері тұқымдары берілді. Сорттық сынақтар барысында өңіріміздің климаттық және топырақ жағдайына барынша төзімді сорттарды егу бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда. Білім алушылар СҚО-ның ауылшаруашылық құрылымдарына да барады. Олар егіс жұмыстарының барысымен, солтүстікқазақстандық диқандардың мамандануымен, шаруашылықтарды ғылыми қамтамасыз етумен танысады.

«7 жылдан бері Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті біздің стратегиялық серіктесіміз болып табылады. Осы ынтымақтастықтың арқасында біздің студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бүгін сіздерді оқу ордамыздың қабырғасында қарсы алуға қуаныштымыз. Академиялық және ғылыми жұмыстар жүргізіп қана қоймай, Солтүстік Қазақстанның мәдени ерекшеліктері мен көрікті жерлерімен таныса аласыздар деп үміттенемін», – деді Басқарма Төрағасы – Ректордың м.а. Рената Апергенова.

Өткен оқу жылында Қозыбаев университетіне СБАШжОШ бакалавриаты мен магистратурасының 30-дан астам білім алушы келді.

2018 жылдан бастап біздің 22 студент пен 1 магистрант академиялық ұтқырлық бойынша Қытайға оқуға барды. Бұл болашақ агрономдар, азық-түлік және мал шаруашылығы технологтары, орман және орман шаруашылығы мамандары. Сонымен қатар, Агротехнологиялық факультеттің ПОҚ жыл сайын Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде тағылымдамадан өтеді.

Shares