Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Қала күні: Петропавлда өткен триатлон жарысына 80-нен астам азамат қатысты

Қала күні: Петропавлда өткен триатлон жарысына 80-нен астам азамат қатысты

Қала күнін мерекелеу аясында облыс орталығындағы Пестрое көлінде триатлоннан жарыс өтті. Оған 18 жастан асқан кез келген адам қатысу мүмкіндігін иеленді. Сайысқа дейін спортшылар дәрігерден қатысуға рұқсат туралы анықтама алды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Триатлон – жүзу, велоспорт және жүгіру сияқты үш спорт түрінің жиынтығы. Ол олимпиадалық бағдарламаға кіреді, алғаш рет 2000 жылы Сиднейде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында жарияланды. Петропавлда триатлон федерациясы 2020 жылы құрылды. Айта кетейік, қаламызда алғаш рет жарыс 2022 жылы өткізілді.

Олимпиадалық спорт түрі бойынша өткен жарысқа 86 адам қатысты. Триатлонның барлық қатысушысы 300 м жүзді, содан кейін олар 10 км велосипед арқылы бағындырды және 2,5 км жүгірді.

“Бұл – менің алғашқы жарысым. Бұған дейін балаларды жаттықтырдым. Қыстан бастап жеке жаттығуларды бастадым, сайклға бардым. Содан кейін жылы маусым келді, велосипедпен жүрдім, жүгірдім және жүздім, жүзуді жаным сүйеді, осы спорт түрінен жаттықтырушымын. Балалардың жаттығуы аяқталғасын өзім жаттықтым. Қатты қобалжып тұрмын. Мен дайынмын және бәрі жақсы болады деп ойлаймын”, – деді триатлоннан жарысқа қатысушы Вероника Вятчинова.

Бағалау және марапаттау жас санаттары мен жеке көрсеткіштер бойынша өтті. Спорттық іс-шара соңында жарысқа қатысушылар мен жүлдегерлер медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Shares