Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » “Мен осы қалада дүниеге келдім, 50 жыл тұрдым және адамдарға көмектесуді өз міндетім деп санадым”: қалалық мәдениет үйінің режиссері Анна Солдатова тасқын кезінде ерікті болды

“Мен осы қалада дүниеге келдім, 50 жыл тұрдым және адамдарға көмектесуді өз міндетім деп санадым”: қалалық мәдениет үйінің режиссері Анна Солдатова тасқын кезінде ерікті болды

Қала күнінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан 22 белсендінің еңбегін атап өтті. Аймақ басшысының қолынан марапатты қалалық мәдениет үйінің режиссері Анна Солдатова да алды. Жерлесіміз бұл салада 30 жылдан артық тер төгіп жүр. Осы көктемде Анна шетте қалмады, табиғи апаттан зардап шеккен адамдарға көп көмектесті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Топан су әкелген сынақтар біздің қоғамды біріктірді және бірлік пен шынайы бауырластықтың мықты күш екенін дәлелдеді! Біздің халқымыздың ең жақсы қасиеті – жауаптылық, ынтымақтастық, бірлік. Жауапты кезеңде осылар ерекше мағына мен маңызға ие болды. Қиын кезеңде зардап шеккендерге қолымнан келгенше көмек көрсетуді өз міндетім деп санадым. Шұғыл түрде құрылған “Ковчег” еріктілер лигасы” тобы адамдардың өтініштеріне тез, ұтқыр және жедел түрде жауап берді. Осы топтың адами ресурстарының арқасында біз тасқын басқан жерлерге су, заттар, азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиена құралдарын жеткізуді ұйымдастыра алдық”, – деді қалалық мәдениет үйінің белсендісі, режиссері Анна Солдатова.

Еріктілер уақытша өмір сүру орындарына орналастырылған адамдар үшін де осындай көмек ұйымдастырды.

“Өзіме күн сайын жаңа міндеттер қойдым. Адамдар атаулы көмекке жүгінді. Біз тізім жасадық, қажет нәрсенің бәрін сатып алдық және жеткіздік. Еріктілер мен құтқарушыларды тамақтандыруға арналған бірреттік ыдыс-аяқ, жануарларға қорек және т.б. Мен студенттер мен мектеп оқушыларына өте ризамын, олар сабақтарына қарамастан гуманитарлық жүктерді түсіруге көмектесті, өздерін аямады. Мұндай сәттер біздің жастардың керемет, ұйымшыл екенін айқын дәлелдейді”, – деп атап өтті Анна.

Белсенділер қаланың су басқан аудандарынан адамдарды арнайы орындарға тегін тасымалдау үшін жүргізушілер де тапты. Сонымен қатар, еріктілер жануарларға қамқорлық жасады, оларға тамақ, төсеніштер мен су сатып алды, тастанды жануарларды уақытша орындарға және тұрақты жерлерге таратумен айналысты.

“Мәдениет қызметкері және іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесі бар адам ретінде мен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қайырымдылық фестивалін өткізу орынды деп санадым. Фестиваль тақырыбы қиын кезеңде аймақ тұрғындарын біріктірген “Бірлік” ұғымымен үндес болды. Осылайша, біз адамдарға әдемі мереке сыйлап қана қоймай, арнайы қайырымдылық шотын толықтыра алдық”, – деді белсенді, қалалық мәдениет үйінің режиссері.

Анна Солдатованың сөзінше, көмек сұрайтындар әлі де бар. Бүгінгі таңда да өтініштер түсіп жатыр екен.

“Ковчег” еріктілер лигасы” тараған жоқ, тұрғындардың кішігірім өтініштерін болса да орындауға тырысып жатыр. Мен бірлігі мықты біздің адамдарға таңдануды тоқтатпаймын, ал құтқару жұмыстарына қатысқан мемлекеттік қызметтердің жанқиярлық жұмысы үшін мақтаныш сезімі көкірек кернейді. Елдің достық байланыстары күшейе түсті. Халық біртұтас болды. Біздің күшіміз – бірлікте екеніне тағы да көз жеткіздік”, – деді Анна Солдатова.

Shares