Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да 10 мыңнан астам оқушы арнайы акция аясында мектепке дайындалады

СҚО-да 10 мыңнан астам оқушы арнайы акция аясында мектепке дайындалады

«Мектепке жол» акциясы 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ол «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. 2023 жылы акция аясында 15 236 оқушыға көмек көрсетілді. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 404,8 млн теңгені құрады. Бұл қаражатқа мектеп, спорт формалары, аяқ киім, кеңсе тауарлары сатып алынды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

“Дәстүрлі ​«Мектепке жол» акциясы аясында ата-аналардың карт шотына ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде қаржылай және материалдық көмек жіберіледі. Ол бюджет қаражаты есебінен және демеушілік қаражат есебінен көрсетіледі. ​Бүгінгі таңда өңірде қоғамның ерекше назарын талап ететін балалар саны – 10 879. Биыл жоспарланып отырған төлем сомасы 472,2 млн теңгені құрайды. Ата-аналар растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда, төлем мөлшері 43407 теңгені құрайды”,- деді СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Биыл “Мектепке жол” акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен отбасы балалары да қаржылай көмек алмақ.

“Петропавл тасқынның ортасында қалғаны мәлім. Табиғи апаттан зардап шеккендердің басым бөлігі – қала тұрғындары. Тиісінше, жергілікті мектеп оқушылары да қиын жағдайда қалды. Жүргізілген мониторинг 1340 оқушының зардап шеккенін анықтады. 599 оқушының ата-анасы біржолғы жәрдемақы алу үшін құжаттар тапсырды”, – деп атап өтті Петропавл қаласы білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева.

Shares