Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » “Адамдардың көзіне ұялмай қарау үшін адал жұмыс істедік”: Тәжірибелі сылақшы Елена Дьяченко өзінің жұмысы жайлы айтты

“Адамдардың көзіне ұялмай қарау үшін адал жұмыс істедік”: Тәжірибелі сылақшы Елена Дьяченко өзінің жұмысы жайлы айтты

Есіл ауданы Явленка ауылының тұрғыны Елена Дьяченко құрылыс саласына өзінің 44 жылын арнады. Солтүстікқазақстандық көп жылдар бойы жылжымалы механикаландырылған колоннада жұмыс істеді. Жұмыстың барлық қиындықтарына қарамастан, зейнеткер сол күндерді сағына еске алады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“1970 жылы құрылыс училищесін бітіргеннен кейін ЖМК-73 мекемесіне жұмысқа келдім. Мені сылақшы етіп тағайындады. Жұмыс оңай емес, бірақ қызықты, маған өте ұнайтын. Мен Николаевка ауылында ет-сүйек зауытының құрылысына қатыстым. Үлкен нысан, біраз тер төктік. Сылақшыларға барлық шеберханалар мен бөлмелерді ретке келтіру үшін алты айға жуық уақыт берілді. Бұл кезең есімде жақсы сақталып қалды”, – деді Есіл ауданы Явленка ауылының тұрғыны Елена Дьяченко.

Сонымен қатар, Елена Дьяченко Покровка ауылында орналасқан техникум құрылысына қатысты. Явленка, Николаевка, Петровка ауылдарында балабақшалар, тұрғын үйлер, мектептер салынған кезде жұмыс істеді. Ол
Оседлое ауылында бой көтерген сауда орталығының іске қосылуына да үлес қосты.

«Тамаша командамыз болды. Өте тату, ынтымағы жарасқан адамдар жұмыс істеді. Қиындықтар кездесті. Алайда біз таласпай, адамдардың көзіне ұялмай қарау үшін адал жұмыс істедік. Қолдау көрсеткен әріптестеріме алғыс айтамын. ЖМК-73 мекемесінде бірнеше жыл есепші болып жұмыс істеп, кейін сылақшы қызметіне қайта оралдым. Мен аталған ұйым жабылғанша жұмыс істедім», – дейді Елена Дьяченко.

Елена Ивановна өз еңбегі үшін бірнеше мәрте Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын алды.

Shares