Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Аризона университетінің өкілдері Қозыбаев университетінің басшылығымен ынтымақтастық жайын талқылады

Аризона университетінің өкілдері Қозыбаев университетінің басшылығымен ынтымақтастық жайын талқылады

Аризона университетінің делегациясы Қозыбаев университетінің басшылығымен, декандармен және кафедра меңгерушілерімен кездесті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев қонақтарды қарсы алып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылы университеттеріміз арасында басталған ынтымақтастық, еліміздегі шетелдік ЖОО-мен, АҚШ-тың үздік университетімен табысты стратегиялық серіктестіктің алғашқы үлгісі екенін атап өтті.

«Екі жылдың ішінде бірлескен бағдарламаларымызға 1000-нан астам студент қабылданды. Бұл университетіміздің жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Серіктестіктің маңыздылығын ескере отырып, ҚР ҒЖБМ тарапынан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да үлкен қолдау таптық. Бұл жобаның келешегі зор. Ал келесі кезең – университеттің, жалпы өңірдің дамуына серпін беретін ғылыми зерттеулер болмақ», – деді Ербол Исақаев.

Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли қос дипломдық бағдарламалар мен ғылыми жобалардың әлемдік білім беру кеңістігіндегі маңыздылығы туралы айтты.

«Мен профессор ретінде 20 жылдан астам қызмет еттім. Шынымен де білім өмірді өзгертеді. Егер біз осы бағытта аянбай қызмет етсек, ғылыми зерттеулерді дамытсақ, қоғамымызда ғана емес, әлемде де оң өзгерістерге қол жеткізе аламыз. Университеттерімізге ортақ нәрсе – халықаралық студенттердің білім алуы және шекаралас аймақта орналасуы болып табылады. Бірлескен жұмысымыз академиялық еркіндік пен үлкен жетістіктерге әкеледі деп сенемін»,- деді Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли.

Shares