Қозыбаев университетінде студенттер мен оқытушыларға арналған жаңа жатақхана ашылды
Қозыбаев университетінде қуанышты оқиға орын алды. ЖОО студенттер үшін жаңа жатақхана ашты. Ол жайлы өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәрімен жабдықталған. Мұндағы бөлмелер тек студенттерге ғана емес, оқытушыларға да арналған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жаңа жатақхананың ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Аризона Университетінің Вице-президенті Дженни Ли және оқытушылар мен студенттер қатысты.
“Біз қонақтармен бірге жаңа жатақхана ашып отырмыз. Бұл – жақсы және қуанышты оқиға. Бүгін мен министрге 1200 орындық жаңа нысандардың да ашылатыны туралы хабарладым. Жатақханаларда жайлы жағдай жасалады. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаймыз, биыл студенттерімізді жатақханамен қамту көрсеткішін 100% жеткіземіз”, – деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
ЖОО-ға жаңа жатақхананы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды. Бұл туралы Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі Азамат Жикеев айтты.
“Жатақханада студенттерге 156 орын қарастырылған және оқытушылар үшін 25 жайлы пәтер бар. Ең алдымен, олар шақырылған ғалымдарға қажет. Жатақхана толығымен дайын. Бүгінде университетке 4 жатақхана қарайды, олар 1365 орынға шақталған, сонымен қатар жаңа жатақханалар тапсырылады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған және жөндеуді қажет ететін жатақханалар да бар, сондықтан біз ескі жатақханаларда тұратын студенттерге көңіл бөлеміз. Олар жөндеу кезінде осында келеді”, – деді Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі Азамат Жикеев.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің өңірлерінен жастардың кетпеуі әрі олардың сол жерде жоғары білім алуы үшін осындай жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
“Бірінші жылы қос дипломды білім беру бағдарламасына 8 өңірден келген 148 студентті, ал екінші жылы ҚР-ның 18 өңірінен келген 500 студентті қабылдадық. Биыл 550 грант бөлінді, бәсекелестікті байқап отырмыз. Университет экономикалық орда екеніне сенімдімін. Бұл – таланттар, жаңа буын ортасы. Бірнеше жылдан кейін Петропавл өзгереді. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және басқа да елдерден студенттер келеді”, – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бүгінде Қозыбаев университетінде 6 мыңға жуық студент оқиды. Оның 1245-і жатақханаларда тұрады.