Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Солтүстік Қазақстан облысының диқандары Қытайда біліктілік арттыруы ықтимал

Солтүстік Қазақстан облысының диқандары Қытайда біліктілік арттыруы ықтимал

Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және су ресурстары бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу қызметі, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық алмасу, оқытушылардың екіжақты тағылымдамалары. Мұның барлығы – Қозыбаев универсииеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті арасындағы ынтымақтастықтың арқасында 7 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқан бағыттар. Осы аптада Петропавлға Қытай Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің делегациясы келді. Жануарлар ғылымы және технологиялар колледжінің профессоры Джонлиан Жанг, Су ресурстары және сәулет инженериясы колледжінің доценттері Яньань Цзян мен Ли Мин Агротехнологиялық факультет және ЖОО басшылығымен кездесті,- деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Ынтымақтастық жылдарында бірқатар жұмыс орындалды. Қазір академиялық ұтқырлық бойынша 12 бакалавр және біздің 10 магистрант Қозыбаев университетінде оқиды. Өткен жылы сіздің 3 оқытушыңыз ҚХР-да мал шаруашылығында заманауи технологиялар бойынша курстардан өтті. Біз бірлескен зерттеулер жүргіземіз және нәтижелерді импакт-факторы жоғары журналдарда жариялаймыз. Қозыбаев университетінде мал шаруашылығы және өсімдік биотехнологиясы бойынша бірлескен зертханалар іске қосылды. Жабдықтар берілді»,- деді Джонлиан Жанг.

Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев ҚР Президенті жақында ғана жариялаған Жолдауында ғылымның дамуына, атап айтқанда, су сапасы, ирригация және сумен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.

«Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті суды зерттеу саласындағы әлемдегі ең мықты университеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, Қозыбаев университеті және Аризона университеті (АҚШ) арасындағы су ресурстарының бірлескен орталығын құру жөніндегі үшжақты меморандумға қол қою – біз үшін өте маңызды қадам. Сондай-ақ су ресурстары, ирригация, азық-түлік қауіпсіздігі, мал шаруашылығы саласындағы зерттеулер бойынша ҚР үш облысындағы үш ЖОО ғалымдарының консорциумын құру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен сізге де серіктес ретінде қатысуды ұсынамын. Сонымен қатар, біз ынтымақтастықтың Жол картасын жасауымыз қажет. Тағы бір маңызды идея – ҚХР-да Солтүстік Қазақстан аграрийлерін ауыл шаруашылығы технологияларына оқыту бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу. Себебі біздің серіктестігіміз екі университет үшін ғана емес, бүкіл өңіріміз үшін, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көмек көрсету, аграрлық сектордағы проблемаларды шешу үшін маңызды», – деді Ербол Исақаев.

Shares