СҚО-да Үкімет басшысының орынбасары ірі агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысына жасаған екі күндік жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин егін орағы науқанының барысымен танысып, ірі агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Вице-премьер Тайынша ауданына барды. Мұнда қытайлық инвесторлардың қатысуымен құрылған «Меmolux» ЖШС астық өңдеу кәсіпорны мен «Тайынша Май» ЖШС майлы дақылдар өңдеу зауытында болды. Қытайлық корпорация Сиан қаласында логистикалық және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу паркін салды. Жақын болашақтағы жоспарларға Солтүстік Қазақстанда қазақстандық өнімді Қытайға жеткізу үшін осындай кәсіпорын құру кіреді.
Сондай-ақ, Серік Жұманғарин облыс диқандарымен «Астық STEM» ЖШС егістік алқабында кездесіп, егін жинау науқаны мәселелерін талқылап, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Сондай-ақ орақ процесінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары да қарастырылды.
Бүгін вице-премьер “Avagro” ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорын мен “Зенченко и К” сүт зауытының, Қызылжар мен Есіл аудандары шаруашылықтарының жұмысымен танысты.
«Қазір біз жаңа өнімді сақтау мәселелерін жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Былтырғы өнім сақталып қалған элеваторларда кезек мәселесі бар. Азық-түлік корпорациясы соңғы 2 айға толмайтын уақытта экспортқа және оңтүстік өңірлерге 1 млн тоннадан астам астық жөнелтті, алдағы 2 аптада тағы 200 мың тонна экспортталады. Сонымен қатар біз жедел штабта тұрып қалған бес элеваторды іске қосуды қарастырдық, оның бірі СҚО-да. Қазір біз оларды тезірек іске қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті ол.
«Вишневское» ЖШС өкілі Павел Рафальский күтілетін өнім мен мемлекеттік қолдаудың маңызы туралы айтты.
«Әзірленген бағдарламалар үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Көктемгі егіс кезінде ол бізге шынымен қолдау болды, аталған қаражат егіс жұмыстарын бастауға, арамшөптерді отап, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Біз гектарына 30 центнерден жоғары мол өнім күтудеміз. Мен ес білгелі мұндай астық түсімі алғаш рет болғалы тұр. Өнімділікті арттыру үрдісін жалғастыру үшін келесі жылы минералды тыңайтқыштарды енгізуді көбейту қажет. Біз жұмыс істеуге дайынбыз, оған тәжірибеміз бар, бірақ біз салған ақша өзін ақтауы керек», — деді фермер.
«Тайынша Астық» ЖШС-і Қуат Карбозов көктемгі егіс жұмыстарына жыл басында емес, күздің аяғынан бастап жеңілдікті қаражат бөлу мәселесін көтерді.
«Егер ақша егіс науқаны басталуынан әлдеқайда ерте бөлінсе, техниканың қосалқы бөлшектерін арзан бағаға сатып алар едік. Бұл тыңайтқыштардың құнын едәуір төмендетеді, оларды фермер ең соңында сатып алады, өйткені оларға қолма-қол ақша қажет. Биыл жеңілдетілген лизингтің арқасында техника паркімізді 40%-ға жаңарттық. Егер жеңілдігі бар несиелер ұзағырақ мерзімге бөлінсе, бұл бізге де қарыздарды асықпай есептеп, несиемізді жабуға көмектесер еді»,— деді ол егіс алқабындағы әріптестерінің пікірін жеткізіп.
Сондай-ақі Серік Жұманғарин сыйымдылығы 118 мың тонна болатын Тайынша элеваторына барды. Элеваторда 4 астық кептіргіш бар, олардың бір бөлігі сұйытылған газбен жұмыс істейді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі астық кептіргіштер үшін арзандатылған бағамен сұйық отынның қажетті көлемі бөлінгенін және элеваторға жоспарлы түрде бөлінетінін хабарлады.