СҚО-да 160-тан астам оқушы президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңіне қатысып жатыр
Білімділер бәйгесі! Петропавлдағы Оқушылар сарайында жаратылыстану-математика бағыты пәндері бойынша президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңі өтуде. Зияткерлік сынаққа бұрын республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға қатыспаған 11 сынып оқушылары жиналды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Олимпиадаға 166 адам қатысуда. Өңірлік кезең ең мықты 20 баланы іріктеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар қазан айының соңында тағы бір іріктеу кезеңі өтеді. Ол биыл қарашада елордада ұйымдастырылатын республикалық кезеңде облыстың намысын қорғайтын 8 оқушыны таңдауға мүмкіндік береді. Бүгінде математика, физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмаларды орындау жүріп жатыр, балаларға 4 сағат уақыт беріледі. Тапсырмалар өте күрделі”, – деді “Қызылжар дарыны” орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.
Президенттік олимпиадаға өңір аудандарының, сондай-ақ облыс орталығының оқушылары қатысады.
“Дайындалу үшін түрлі тапсырмаларды орындадым, интернеттен де жаттығулар алдым. Күніне кем дегенде екі сағат дайындыққа бөлдім. Толқу, жеткіліксіз дайындықтан қорқу бар, бірақ мен жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын”, – деді Мамлют ауданы Афонькин орта мектебінің оқушысы Анна Лахтина.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар республикалық кезеңнің жеңімпаздары дипломдар және атаулы медальдар алатынын айтты.