Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да соңғы 2 жылда мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасты

СҚО-да соңғы 2 жылда мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасты

«АМАНАТ» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының есеп беру жиынында соңғы 2 жылдағы жұмыс нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Облыста 8 партиялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – “Кедергісіз келешек”. Бұл жоба аясында аманаттықтар 986 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыруға көмектесті. Соңғы 2 жылда 369 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 5 мыңнан астам ардагерге, тыл еңбеккеріне және зейнеткерге көмек көрсетілді.«Бақытты отбасы» жобасы аясында партиялықтар жыл сайын «Баланы мектепке дайындайық» акциясын ұйымдастырды. 2021-2022 жылдары 5827 бала 92,5 млн теңгеге көлемінде қайырымдылық көмекпен қамтылды.

«Жер аманаты» жобасына ерекше көңіл бөлінеді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соңғы бір жылда пайдаланылмай жатқан 304 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл кем дегенде 330 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.

«2 жыл ішінде партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдауларына 9688 өтініш келіп түскен. Оның 48 пайызы оң шешімін тапты. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырудың тиімділігін атап өткім келеді. Бұл солтүстікқазақстандықтардың мәселелерінен хабардар болуға, мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік берді. Есепті кезеңде 521 қабылдау өткізіліп, өтініштердің 35 пайызы жергілікті жерде оң шешімін тапты», – деді партия облыстық филиалының жауапты хатшысы Жеңіс Асанов.

Қазіргі аймақтық жол картасында алдағы бес жылда атқарылуы тиіс 120 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде жолдарды, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, сумен қамту мәселелері бар. 2023 жылы 112 іс-шара жүзеге асырылуда. Жиында сайлауалды бағдарламалардың орындалуы мен бақылау жұмысына партия мүшелері белсенді түрде атсалысуы қажет екендігі де айтылды.

Shares