Петропавлда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды
Петропавлда 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды. 500-ден астам оқушы, оның ішінде 186 ауыл мектебінің өкілі 15 пән бойынша бақ сынады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 267, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 192 қатысушы болды. Екі кезеңнің және апелляциялық процестің қорытындысы бойынша қазылар алқасы 182 жеңімпазды анықтады. 29 оқушы бірінші, 60 оқушы екінші, 93 оқушы үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар Оқушылар сарайында салтанатты түрде медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты шараға «АМАНАТ» партиясы СҚОФ-ның жауапты хатшысы Жеңіс Асанов қатысты.
Олимпиаданың келесі, республикалық кезеңі ақпан және наурыз айларында Қазақстанның әртүрлі қалаларында өтеді.