Түркияда қонақүйдегі өрттен кейін 22 қаңтар қаралы күн деп жариялады
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы өрт салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты 22 қаңтарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Төтенше жағдайға байланысты елімізде қаралы күн жарияланды. Сәрсенбі, 22 қаңтарда күн батқанға дейін тулар түсіріледі.. Бұл күн саясат күні емес, бірлік пен ынтымақ күні», – деп келтіреді Hurriyet газеті президенттің сөзін.
Болудағы ағаштан жасалған 12 қабатты Grand Kartal қонақүйінде өрт 21 қаңтарға қараған түні демалыс орнында екі апталық мектеп каникулына байланысты туристер ағылып жатқан кезде шыққан. Ол кезде қонақүйде 238 адам тұрған. Өртті сөндіруге 12 сағат кетті.
Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Болу губернаторы Абдулазиз Айдын алғашқы мәліметтерге қарағанда өрттің қонақүйдің төртінші қабатындағы мейрамхана бөлімінде тұтанып, жоғарыдағы қабаттарға жайылғанын айтты. Ол Карталкаядағы қонақүй мен Болудың орталығы арасындағы қашықтыққа, сондай-ақ аязды ауа райына байланысты өрт сөндіру машиналарының оқиға орнына бір сағаттан астам кешігіп жеткенін қосты. Қонақ үйдің бір бөлігі жартасқа жақын орналасқандықтан, өрт сөндірушілерге өртті сөндіру қиынға соқты. Қонақ үйдің бір бөлігі жартасқа жақын орналасқандықтан, өрт сөндірушілерге өртті сөндіру қиынға соқты.
Өрт салдарынан 66 адам қаза тауып, тағы 51 адам жарақат алды.
Ердоған қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.