СҚО-да 2026 жылдың І тоқсанында жылжымалы медициналық кешендер 15 мыңнан астам ауыл тұрғынын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысында шалғай ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ететін жылжымалы медициналық кешендердің (ЖМК) жұмысы қарқынды жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы үш айында мобильді медициналық бригадалар 120 елді мекенге барып, 15 мыңнан астам тұрғынды тексеруден өткізді.
Қазіргі таңда өңірде осындай 10 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Оның сегізі автобус базасында, ал екеуі КАМАЗ автокөлігі негізінде қызмет көрсетеді. Олардың сапарлары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
2026 жылы жылжымалы медициналық кешендер Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов аудандарының, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, Аққайың, Тимирязев, Есіл, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарымен де қызмет көрсету жөнінде келісімшарттар жасалған. Бірінші тоқсанда жоспарланған сапарлардың 35,9 пайызы орындалып, дәрігерлер жоспарланған 334 ауылдың 120-сына барды. Медициналық тексеруден 15 268 адам өтті, бұл жылдық жоспардың 39 пайызын құрайды.
Осы кезеңде жылжымалы медициналық кешен мамандары бейінді дәрігерлердің 4 164 консультациясын өткізіп, 12 025 медициналық зерттеу жүргізді. Оның ішінде 4 861-і диагностикалық тексеру болса, 7 164-і зертханалық талдау болды. Орта есеппен әрбір пациентке 0,8 медициналық зерттеу жүргізілген.
Тексеру барысында дәрігерлер 660 тұрғыннан түрлі ауруларды анықтады. Бұл тексерілгендердің жалпы санының 4,3 пайызын құрайды. Сондай-ақ 73 адам диспансерлік есепке алынды. Анықталған аурулардың құрылымында өзге аурулар – 63,5 пайыз, қанайналым жүйесі аурулары – 20 пайыз, балалар аурулары – 13,5 пайыз, қант диабеті – 2,6 пайыз және глаукома – 0,4 пайызды құрады.
