Ғ.Мүсірепов ауданында жоғалған алты жасар қызды тұтас ауыл іздеген
Бірер күн бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының тұрғындары 6 жасар қызына туыстарында түнеп келуге рұқсат берген. Келесі күні оның үйге қай уақытта қайтатынын телефон арқылы сұрап білмек болған жақындары бүлдіршіннің екі сағат бұрын кетіп қалғанын естіген, деп хабарлайды QZ тілшісі.
Өздері іздегенмен еш нәтиже болмаған. Абыржыған ата-ана учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Руслан Қоянбаевқа жүгінген.
16:50-де учаскелік инспектордың хабарламасы аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Бөлімнің жеке құрамы тез арада дабыл бойынша көтерілді. Дереу құрылған 8 мобильдік топ аудан орталығын және баланың болуы мүмкін мекенжайларын тексеруге көшті.
Туыстары мен көршілері, ауылдық мектептің мұғалімдері де қалыс қалмады. Қуанышқа орай, бір жарым сағат бойы жүргізілген іздеу жұмысы нәтиже берді. Жоғалған қызды кезекшінің көмекшісі полиция сержанты Бекасыл Ермахан тауып алды. Анықталғандай, үйіне келе жатқанда құрбысының үйіне кіріп, ойынның қызығына беріліп кеткен. Табылған қыздың ата-анасы полицейлер мен ауыл тұрғындарына алғыс жаудырды.
«Кішкентай қыздың ата-анасымен профилактикалық сипатта әңгімелесу жүргізілді. Балаларға өздерінің жүрген жерлерін үнемі айтып отыруды үйретулеріңізді сұраймыз. Үйден тыс жүрген баланың барлық іс-қимылын бақылап отыруға кеңес береміз. Балалардың кіммен араласатынын біліп, сенімді қарым-қатынас орнатуды да ұмытпаған жөн. Сондай-ақ жасы кішкентай балаларға жоғалып кеткен жағдайда не істеу керек екенін үйрету қажет”, – дейді аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Әлжанов.