Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжде Ата Заң нормалары білім беру тәсілдерін қалай өзгертуде

Жаңа Негізгі заң ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын айқындап, адами капиталға, білімге, ғылым мен инновацияларға ерекше мән береді. Халық Конституциясының 3-бабының 2-тармағында осы бағыттарды дамыту мемлекеттің стратегиялық қызметінің басым бағыты ретінде бекітілген. М. Жұмабаев атындағы жоғары колледж директоры Гүлжан Жақанованың пікірінше, бұл қағидаттар білікті мамандар даярлауға және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауға тікелей қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Колледжде жаңа оқу жылындағы алғашқы педагогикалық кеңес адами капиталды дамыту тақырыбына арналды. Педагогтер болашақ мамандарға қажетті құзыреттерді, оқытушылардың кәсіби өсуін және студенттердің қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін жағдайларды талқылады.
«Біз технологиялар мен еңбек нарығының талаптары жылдам өзгеретін жағдайда жұмыс істейтін мамандарды даярлаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – студенттерге берік кәсіби негіз қалыптастырып, олардың дербестігін, шешім қабылдау қабілетін және өмір бойы білім алуға деген ұмтылысын дамыту», – дейді Гүлжан Жақанова.
Оның пікірінше, заңға құрмет тек құжаттарда ғана емес, оқу орнының күнделікті өмірінде де көрініс табуы керек. Колледжде ішкі еңбек тәртібі қағидаларын, студенттің Әдеп кодексін және жатақханада тұру ережелерін қоса алғанда, жергілікті нормативтік құжаттар қайта қаралды. Олардың мақсаты – білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығына түсінікті талаптар қойып, әділ қарым-қатынасты қамтамасыз ету.
Колледж директоры сапалы білім берудің маңызды шарттарының бірі ретінде педагогтердің кәсіби дамуын атап өтті. Оқытушылар инклюзивті білім беру, жасанды интеллект пен STEM-технологияларын қолдану, буллингтің алдын алу мәселелері бойынша курстардан өтеді. Сонымен қатар тағылымдамаларға қатысып, Венгрия, Чехия, Словакия, Оңтүстік Корея, Малайзия және Сингапурдың тәжірибесімен танысады. Жинақтаған білімдерін ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарында әріптестерімен бөліседі.
Педагогтердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбекақы төлеу мен оқу жүктемесіне қатысты талаптарды сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі саналады. Гүлжан Жақанова оқытушыларды қолдау мамандарды даярлау сапасымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Колледжде жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Қыркүйек айынан бастап М. Жұмабаевтың әдеби және педагогикалық мұрасына арналған «Мағжан мұрасы – мәңгілік тағылым» авторлық жобасы жүзеге асырылып келеді. Студенттер әдеби композициялар, мультфильмдер, комикстер, театрландырылған қойылымдар мен ғылыми-зерттеу жобалары байқауларына қатысады. Жобаны заманауи көркемдік тәсілдер мен цифрлық технологиялар қолданылатын өнер фестивалімен қорытындылау жоспарланған.
Дамудың тағы бір бағыты – түлектер қауымдастығын қалыптастыру. Оқу жылының басынан бері Telegram платформасында цифрлық қауымдастық жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұрынғы студенттерді тәлімгерлікке, кәсіби кездесулер мен шеберлік сағаттарына тарту көзделген. Осылайша, түлектер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесе алады.
Қазіргі уақытта М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжде 1 560 студент білім алады. Олардың 1 058-і – ауыл жастары. Жатақханада 420 адам тұрады. Биылғы оқу жылында колледжге 444 студент қабылданған. Олардың 395-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түскен.
«Әрбір жастың тұрғылықты жеріне қарамастан, мамандық алып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндігі болуы маңызды. 2026 жылы колледжді 409 түлек бітірді. Олардың 104-і жоғары оқу орындарында білімін жалғастырды. Оқу орнын аяқтаған түлектердің жалпы санына шаққандағы жұмысқа орналасу деңгейі 98 пайызды құрайды», – деді Гүлжан Жақанова.
Құқықтық сауаттылықты арттыруға да айрықша мән беріледі. Бірінші курс студенттеріне аптасына екі сағат көлемінде «Заң және тәртіп» факультативі өткізіледі. Ал басқа студенттер үшін «Заң және сөз» үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Гүлжан Жақанованың пікірінше, білімнің қолжетімділігі, педагогтерді қолдау, кәсіби дағдылардың сұранысқа ие болуы және заңға құрмет өзара тығыз байланысты. Оның пайымдауынша, конституциялық қағидаттар күнделікті осындай жұмыстар арқылы жүзеге асып, жастарға кәсіби тұрғыдан дамуға, білімін жетілдіруге және елдің өркендеуіне үлес қосуға мүмкіндік береді.
