СҚО-да 220 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
«Жер аманаты» және партиялық бақылау облыстық комиссиясының бірлескен отырысында пайдаланылмайтын және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды. Биылғы жоспар әзірге 66,8 пайызға ғана орындалып, 220,6 га жер қайтарылған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
40 шаруашылықтан бос жатқан 209,5 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтару бойынша жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
«Сотқа 8,9 мың га жайылым жерді мәжбүрлі түрде қайтару бойынша 8 талап арыз берілді. Осы жылдың қараша-желтоқсан аралығында 200,6 мың га алқаптағы 32 шаруашылықтан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюға талап арыз беру бойынша жұмыс жоспарланған»,- деді Бақытжан Бекіш.
Сонымен қатар, 2023 жылы 51,3 мың га жерде 39 тексеріс жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 43,9 мың га алқапта 28 бұзушылық анықталды. Оларды жою бойынша 28 ұйғарым берілді. 2,1 млн.теңге сомасына 25 айыппұл салынды, оның ішінде 1 миллион 828 мың теңге сомасына 23 айыппұл өндірілді. Қазіргі уақытта сотта Ғабит Мүсірепов, Тайынша және Уәлиханов аудандарындағы жалпы ауданы 24,5 мың га жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы 44 талап арыз қаралуда.